Жасындай жарқылдап өткен…

оюлар

Талантты адам тумысынан дара болады деген тегі рас. Жасындай жарқылдап, қазақ киносы мен театр сахнасындағы қайталанбас образдарымен ел-жұртты елең еткізген майталман актер Әнуар Молдабековтің өмірі бұған дәлел. Бала кезінен суретті жақсы салған Әнуардың әншілігі де керемет болған. Сонымен бірге актерлік қабілеті де ерте байқалған. Ауылға келген көшпелі кинотеатрдан көрген киноларына қатты әсерленгені соншалық – фильмдегі кейіпкерлердің іс-әрекетін қайталап, көпке дейін біресе Тарзанның, біресе үнді киносындағы қаңғыбастың кейпінен шыға алмай жүретін көрінеді. Әйтсе де актерлік ойына кіріп-шықпаған Әнуар өнер табалдырығын «әнші боламын» деген үмітпен аттайды. Бірақ консерваторияда тапсыруға келгенде онда орын болмайды да, драма бөліміне түседі. Бірақ шындықты бетке айтатын тік мінезінің салдарынан екі жылдан соң оқудан шығып қалады. Сосын Әзербайжан Мәмбетовтің студиясына қабылданып, соны тамамдайды.

     Әнуардың талантын бірден таныған білікті режиссер Әзербайжан Мәмбетов студияға келген сәттен бастап оның өнер жолындағы нағыз ұстазына айналады. Орыс мектебінде білім алған Әнуардың қазақ тілінде акцентпен сөйлейтіндігіне қара­мастан, оған үлкен сенім артып, көп рөлдерде ойната бастайды. Сол сенім үде­сінен шығуға тырысқан Әнуар қазақ ақын­дарының өлеңдерін жатқа айту арқылы өзін-өзі үзбей жаттықтырып, ақырында мінсіз сөйлеу мәнерін игереді.

     Жалпы, өзін-өзі тәрбиелеу, жанын ая­мау – оның табиғатына тән қасиет. Қожа­бек шалдың рөліне Әнуар түскен «Өтелме­ген парыз» фильмінің режиссері Серік Жармұхамедов те актердің табандылығына тәнті болғанын айтады. «Майда-шүйде шаруалармен айналысып, түнгі сағат 2-ге дейін ұйықтамайтын. Таңғы 6-да тұрып, жат­тығу жасайтын. Осы көрініс фильмді түсіріп біткенше өзгермеді. Жанын аямау­мен қатар, тәнін де аямауы ерте кетуіне әсер еткен сияқты», – дейді режиссер өт­кен күндерді оймен шола отырып. Осы фильмде Әнуар Молдабековтің тапқырлық танытып, өзіндік шешімдер қосқан тұстары көп. Мысалы, ұлының өмірге тым жеңіл қарағаны жанына батқан ақсақалдың ішкі күйзелісін Әнуар жүрісімен-ақ шебер жеткізе білген. Және баласының досы рөліндегі Досханға: «Сендерді де жолдас дейді-ау! Неге бір ауыз сөз айтпадыңдар?» – деп налитын тұсын оңашада ішкі монолог ретінде айтуға ұсыныс білдірген. Тап осы сөз тұтас бір ұрпаққа арналғандай ерекше әсер береді. Режиссердің өзі «Фильмдегі ең сәтті шыққан нәрсе» деп бағалаған бір көрініс , ол – әкенің дастарқандағы нанның қиқымын асықпай қолымен сыпырып алып, аузына салатын тұсы. Міне, сол – Әнуардың өз шешімі. Тіпті сол уақытта 46 жастағы Әнуардың 60-тан асқан шалды ойнауының өзі оның актерлік ауқымының кеңдігін көрсетеді.

         молда

Әнуар Молдабековтің есте қаларлықтай ерекше образдарының бірі – «Қан мен тердегі» Еламан. Осы рөлді бастапқыда басқа актер ойнайтын болған. Бұл жөнінде актердің жары, актриса Баян Имашева бы­лай деп еске алады: «Мәскеулік режиссер Мастюгин түсірілімге екі күн қалғанда «Молдабековті шақырыңдар» депті. Са­қыл­даған сары аязда Қапшағай жағасында түні бойы байқаудан өтті де, ертесіне рөлге бекітілді. Бұл жаңалықты өзге актерлер қазақ киносындағы төңкеріске бағалады. Әнуар фильм аяқталғанда құр сүлдері ғана қалып, қатты жүдеді. Денсаулығы да содан кейін сыр бере бастады». Жарының айтуынша, Әнуар аға өмірінің соңғы он жылында сусамырмен ауырыпты. Бірақ өзі мұны айналасындағылардан жасырып келген. Ресейлік бір фильмге түскенде ханның рөлін ойнау үшін 10 келі салмақ қосқан. Түсірілімнен келген бетте келесі рөл­ге дайындық үшін дереу салмақ тас­тау­ға мәжбүр болған. Осының бәрі денсау­лығының нашарлауына әкеліп соққан. Сөйтіп, біртуар актер, дара дарын Әнуар Молдабеков небәрі 47 жасында дүние салды. Бірақ ол «Қыз Жібектегі» Шеге, «Қан мен тердегі» Еламан, «Өтелме­ген па­рыз­дағы» Қожабек ақсақал, «Ән қанатын­дағы» Жаяу Мұса сияқты басқа да көптеген қайталанбас бейнелері арқылы өнерсүйер қауымның жүрегінде мәңгілікке қалды.

оюлар

Реклама

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход /  Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход /  Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход /  Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход /  Изменить )

w

Connecting to %s